ТУЫҢ ДОРБА БОЛДЫ! Желтоқсан айы кірісімен Қазақияның барлық қалаларында Тәуелсіздік күні мерекесіне емес, Жаңа жылға дайындық басталып кеткенін көзіміз көрді. Ішіміз ұлыды. Шуладық, зарладық. Одан бірдеңе түзеліп те кеткен жоқ. Сөйтіп, мүйіз сұрап маңырап жүргенде құлағымыздан айырылдық. Сорақылықтың көкесі Талдықорғанда болды. Шаһардың қала безендірушілері мен көше тазалаушылары қарбаластанғанда сондай, Туға сүрініп жүгіріп жүр. Кәдімгі Ақ орданың айбынын асқақтатып тұрған Қазақияның қадірлі Туынан дорба тігіп, қоқыс тасып жүр. Бұл қандай жүрекжұтқандық, қандай парықсыздық! (14 желтоқсанда «жетісу» газеті жазды. №140 сейсенбі,) Мұны істеп жүрген бейбақтар «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері екен. Орталық алаңдағы шыршаны сәндейтін ойыншықтарды да осы қапқа салып сүйреп жүрген серіктестіктің безендіру бойынша пысығы Светлана Друзина мен көгалдандыру бойынша қолбала Галина Краскованың айтуынша, бұл ту ескіріп қалған екен. «Сондықтан оны бір іске жарату керек қой», депті түйсіксіздер. Ал «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары журналистерді көрген бетте Тудағы ойыншықтарды төгіп жанталасқан. Серіктестік жұмысшыларының сөздері диктофонға жазылып, жерде жатқан қапты алдын ала суретке түсіріп алса да, «Бұл қап емес» деп қызарақтап бетбақтырмайды дейді әлгі табанбет. Дәл осы жағдай көрші Қытай елінде орын алса, не болатынын білесіз бе? Қожайынынан күңіне дейін мылжыңдатып сөйлетіп отырмайды, мемлекеттік рәміздерімізді аяққа таптағаны үшін аяғына тұсау, қолына байлау түседі. Көк аспанда желбіреген Тудағы еркіндіктің бағасын темір тордың ар жағында отырып сезінер еді… Туың дорба болды қазақ!…